Павлодарда өртке оранған мектеп. Оттың неден шыққаны айтылды
Pavlodarnews.kz Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Сергей Огай, алдын ала болжам бойынша, мектептегі өрттің шығуына физика кабинетіндегі электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болуы мүмкін екенін мәлімдеді деп хабарлайды. Нақтырақ айтқанда, қысқа тұйықталу ұзартқыш сымда орын алған болуы мүмкін.
Өрттің пайда болуына не ықпал еткенін одан әрі зерттеу үшін барлық заттар тексеруге алынды, - деді Сергей Огай. Оның айтуынша, республика және облыс бойынша өрттердің 40-50% электр сымдарын дұрыс пайдаланбау салдарынан туындайды.
Бұған қоса, тілсіз жауды ауыздықтауға шатырдың ауқымды көлемі қиындатты. Бір сағаттан астам жұмыс істедік. Шатырды бөлшектеуге кіріскен кезде үстіңгі жағында OSB жабындарын, ағаш торды және жоғарғы жағында профиль жабындысы анықталды. Осыған байланысты қатты қара түтін пайда болды. Салдарынан өртті ұзақ сөндіруге тура келді. Сергей Огай
Айта кетсек, төрт қабатты № 28 жалпы орта білім беру мектебінің екінші қабатында 1200 шаршы метрден астам аумақ жанып кетті. Өрт сөндіру бөлімшесі келгенге дейін 576 адам, оның ішінде 551 бала эвакуацияланды. Оқиға орнында ТЖ департаментінен 50 қызметкер және 12 техника, апаттық медицина орталығынан 4 қызметкер және бір техника жұмыс істеді.