Жетім балалар таяқ жеп жүргеніне қарамастан асырап алған отбасында қалғысы келген
Асырап алған балаларына қол көтерген әйел айыппұл төлейтін болды. Айыппұл көлемін сот анықтайды, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Айта кетсек, екі күн бұрын қамқорлығына алған төрт баласын ұрып-соққан ата-ананың әрекетін көршілері видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерде жариялаған еді. Олардың айтуынша, араққа сылқия тойып алатын ерлі-зайыптылар үш ұл мен бір қызға күн көрсетпей үнемі тоқпақтайды-мыс. Балағаттап қара жұмысқа да жегеді екен. Алайда балаларды асырап алған ана көршілерінің сөзін теріске шығарды. Зура Өмірзақова сұғанақтығы бар 18 жасқа толған ұлына ғана дауыс шығарып, ара-тұра шапалақпен салып жіберемін деп ағынан жарылды.
Мен ол жерде мектептің пікірін қарадым, село округ әкімдігінің де пікірін қарадым. Психологтың да пікірін қарадым. Барлығы Зура деген келіншектің отбасы туралы жаман пікір айтқан жоқ. Маған былай айтады. Ағай біз балалар үйіне барғымыз келмейді, себебі, мамамызды жақсы көреміз дейді. Бұл мәселені біз қатаң бақылауға аламыз деп өздерін ескерттік. Балаларды ұру емес, ұрысу болса, келесі жолы комиссия отырысын жасап, балаларды аламыз деп айттық. Іле ауданы әкімінің орынбасары Серікжан Ибраев
Комиссия мүшелері Зура Өмірзақованың бес жыл бұрын күйеуінің кесірінен екі бірдей баласынан айырылғанын да ескердік деп отыр. Сол уақытта оның күйеуі өзін және ұлы мен қызын өртеп, барлығы ажал құшқан болатын. Комиссия төрағасы психолог пен осы балалар оқитын мектеп ұжымының да пікірін назарға алған.