Бас прокуратураға Челахтан арыз келіп түсті
"Арыз Бас прокуратураға түсті. Іске он жыл болғандықтан, қосымша зерттейміз. Қажет болса, одан жауап алынады". Бас прокурордың бірінші орынбасары Тимур Тәшімбаев
Бұған дейін Владислав Челах Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа оның ісі бойынша тергеуді қайта бастауды және оның куәлігін алуды сұраған. Тұтқын «қайғылы оқиғаның бүкіл көрінісін жарыққа шығаруға дайын» екенін айтты.
Желтоқсанның 21-і күні Мәжіліс алаңында Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлі ведомствоға мұндай өтініш түспегенін айтты.
2012 жылдың мамыр айының соңында «Арқанкерген» уақытша шекара заставасының байланысы тоқтап, ол жерге басқа заставадан шекара наряды жіберілді. Келген шекарашылар казарманың ғимараты өртеніп кеткенін, оның ішінде 14 өлген адамның мәйіті жатқанын анықтады. Жақын маңдағы аңшылар үйінен аңшының мәйіті табылды. Бірнеше күннен кейін тірі қалған жалғыз шекарашы, 19 жастағы қатардағы Челах ұсталды. Алғашында ол әріптестері мен аңшыны өлтіргенін мойындады, бірақ кейін бұл айғақтарынан бас тартып, олардың қысыммен берілгенін айтты. 2012 жылдың 11 желтоқсанында қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған әскери соты оны өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кескен.
Челах өз ісін Жоғарғы Соттың кассациялық сатысында қарауға өтініш білдірді. Ол өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын алып тастауды және оған құқықтарын бұзғаны үшін 30 миллион теңгені өтеуді, істі қосымша тергеуге жіберуді сұрады. Ол БҰҰ комитетінің оған қатысты Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 14-бабы бұзылды деп шешкеніне шағымданды. Оның өтініші қабылданбады.