Гавай аралдарында ауа райының қолайсыздығына байланысты 1371 рейс кейінге қалдырылды
19 және 20 желтоқсанда Гавай аралдарында 1199 рейс кейінге қалдырылды, 172 рейс тоқтатылды. Мәселе аралды шарпыған Кона дауылымен байланысты, деп жазды Beat of Hawaii.
Рейсті ең көп тоқтатқан және кешіктірген компания - Hawaiian Airlines. Әуе компаниясы өз мәлімдемесінде дауыл туралы айтпады, бірақ жүйенің ақаулары мен аралдардағы қолайсыз ауа райы жағдайына назар аударды.
Компания 25 желтоқсанға дейін сатып алынған билеттерді кейінірек қайта брондауды ұсынды.
Айтпақшы, 18 желтоқсанда қатты турбуленттік салдарынан Феникстен Гонолулуға рейс кезінде 36 адам зардап шекті. Зардап шеккендердің арасында 14 айлық бала мен жасөспірім бар. Медицина қызметкерлері жолаушылар мен экипаж мүшелеріне көмектесті. Бортта 238 жолаушы мен 10 экипаж мүшесі болған.