Израильде Нетаньяхудың реформаларына қарсы ондаған мың адам наразылық шеруіне шықты
Тель-Авивтегі Хабима алаңына кем дегенде 80 мың адам жиналды. Олар Израильдің туымен қоса, "қылмыстық үкімет", "демократияның соңы" және басқа да ұрандар жазылған плакаттар ұстап шықты, деп жазды Sky News.
"Олар Израиль демократиясының тепе-теңдігін жоюға тырысып жатыр. Біз Израиль демократиясын сақтау үшін соңғы минутқа дейін күресеміз".шеруге қатысушы Асаф Штейнберг
Тель-Авивте тас жолды жауып тастамақ болған адамдар полициямен қақтығысып қалды. Шағын наразылық акциялары Иерусалим мен Хайфада да өтті.
Сыбайлас жемқорлық үшін сотталып жатқан премьер-министр Нетаньяху елдің құқықтық жүйесін қайта құруды бағдарламасындағы басты мәселеге айналдырды.
Екі аптадан сәл астам уақыт ішінде оның ультра ортодокс және әсіре оңшыл ұлтшыл партиялардан құралған жаңа үкіметі Жоғарғы сотты әлсірету туралы ұсыныстар жасап, парламентке қарапайым көпшілік дауыспен сот шешімдерін жоққа шығару құқығын берді.
Сондай-ақ ол судьялардың тағайындалуын парламент бақылауына беріп, заң кеңесшілерінің тәуелсіздігін азайтқысы келеді.
Әділет министрі Ярив Левин сайланбайтын судьялардың өкілеттігі тым көп екенін айтты, бірақ жоспарларға қарсылар ұсынылған өзгерістер сот билігін тәуелсіздіктен айырады және Израиль демократиясына нұқсан келтіреді деп отыр. Израиль оппозициясының жетекшілері, бұрынғы бас прокурорлар мен Израильдің Жоғарғы соты бұл жоспарға қарсы екенін білдірді.
Бұл өзгерістер Нетаньяхуға соттан құтылып кетуге көмектесуі мүмкін. 2019 жылы айыптау үкімі шыққаннан бері Нетаньяху сот төрелігі оған қарсы екенін айтты.