Әмірхан, Әлихан және Аяла: алматылық өрт сөндіруші үшемнің әкесі болды
№1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі екінші қарауылының жеке құрамы және өрт сөндіру қызметі басқармасының басшылығы әріптесіне қолдау көрсету үшін сәбилерді шығарып алу рәсіміне келді. Шара кезінде музыкалық сүйемелдеу, гүл мен сыйлық ұйымдастырылып, аниматорлар жүрді.
"Үшемнің әкесі болатынымды білгенде, қатты толқыдым. Әйелім екеуіміз мұндай жағдай болуы мүмкін деп ойламадық. Әрине, қазіргі уақытта алаңдаушылық сезім бар. Кейбіреулер бір баланы қалай бағарын білмей жатады, ал бізде бірден үш сәби дүниеге келді, - дейді өрт сөндіруші.
Әке атанған 26 жастағы Еламан Дәуенов мемлекеттік өртке қарсы қызметте 7 жылдан бері жұмыс істеп жүр. Еламан 2022 жылғы 5 қаңтарда Абай көшесі, 34 мекенжайында отқа оранған көпқабатты үйдегі құтқару жұмыстарына және өртті сөндіруге қатысқан.
"Сол кезде 1-мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Арман Сәдуақастың басшылығымен өрт сөндірушілер бүлікшілердің шабуылына тап болды. Алдына қойылған мақсатыннан қайтпай, кейін шегінбей, олар азаматтық киім киіп, өртеніп жатқан үйге кіріп, тұрғындарды жоғарғы қабаттардан эвакуациялап, өртті сөндірді. Нәтижесінде құтқарушылар 1939 жылы туған әйелді құтқарып, ауруханаға аман-есен жеткізіп, дәрігерлерге табыстады. Сонымен қатар бүлікшілерден екі қыз-келіншекті аман алып қалып, оларды 1-мамандандырылған өрт сөндіру бөліміндегі қауіпсіз жерге орналастырды", - делінген Алматы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Еламан Дәуенов қаңтар оқиғасы кезіндегі қызмет барысында көрсеткен қайсарлығы, елдегі төтенше жағдай кезінде азаматтардың мүлкін қорғап, тұрғындарға көрсеткен қамқорлығы үшін Алматы әкімінің және қалалық кәсіпкерлер палатасының алғыс хаттарымен марапатталған.