Алматы облысындағы оқушы өлімі: туыстары әлімжеттік себеп болды дейді
Туыстарының сөзінше, ауылдың сотқарлары өзінен жасы кіші балалардан үнемі ақша жинап күш көрсетеді екен. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Іш құрылысына зақым келген 9-сынып оқушысы үш күн бұрын ауруханада қайтыс болған. Қайғылы оқиғадан кейін қылмыстық іс қозғалып, сот-медициналық сараптама тағайындалған. Ауруханада көз жұмған 14 жастағы баланы туыстары кеше ғана жерлеген.
"Үйге келді, он жарым, он бір кезінде. Келді де, құсты. Құсқан соң жедел жәрдем шақырдым. "Міне, балаңызды көріңіз, ішектері жарылып, іріңдеп кеткен. Ішін қатты соққан, қан ұйып қалған" деді. Балам сап-сау жүрген. Осындай болады деп ойламадым". Айболат Мұратханның анасы Сайрат Ұғыбай
Марқұмның телефонын қарап шыққан жақындары ауылдың сотқарлары өзінен жасы кіші балаларды бопсалап, үнемі ақша жинайтынын біліпті. Марқұмның ағалары ініміз таяқ жеп, ауыр жарақаттан бақилық болғанына сенімдіміз дейді.
"Марқұм болған ініміздің телефонынан жоғары сынып оқушыларының ақша сұрағанын, қанша сұрағанын, не үшін сұрағанына дейін жазылған. Біреудің Kaspi red-ін жауып берген. Біреудің машинасын жөндеуге алған. Біреуге кальян әкеп берген. Бірақ Еңбекшіқазақ ауданы полициясы бөлімінің іс-әрекеті түсініксіз. Тергеудің әділ жүргілуін сұрамаймыз, талап етеміз". Марқұмның ағасы Талғат Нұрман
Осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Полиция мәйітті тексеру барысында марқұмның денесінен зорлық-зомбылықтың белгілері табылмағанын жеткізді.
"Арыз ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы бойынша тіркелді. Мәйітті тексеру хаттамасында баланың денесінде зорлық-зомбылықты өлім белгілері жоқ екендігі анықталды. Өлім себебін анықтау үшін қажетті сұрақтар қойылған сот-медициналық сараптама тағайындалды". Алматы облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Ернар Сайділдин
Баланың өліміне нақты не себеп болғаны сот-медициналық сараптама қортындысынан кейін белгілі болады. Ал баласынан айырылған отбасы тергеу әділ жүргізіліп, кінәлілердің тиісті жазасын алуын талап етеді.