Қостанай облысында синтетикалық есірткіні сақтаған тұрғын сотталды
Осы жылдың қаңтар айында көлік полицейлері Рудный қаласында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Ресей Федерациясында және Қазақстан Республикасының аумағында есірткі заттарын сақтағаны және сатқаны үшін бұрын бірнеше рет сотталған Қостанай облысының 55 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады.
Жеке тінту барысында ұсталғаннан ақ түсті ұнтақ заты бар изолентаға оралған полимерлі 3 “zip-пакет” табылып, тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат салмағы 2,30 грамм альфа-PvP синтетикалық есірткі заты болып шықты.
Бұл қолданыстағы заңнамаға сәйкес аса ірі мөлшерге жатады. Аталған факті бойынша көлік полицейлері ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізді.
Сәуір айында Қостанай облысының Рудный қалалық соты қаскүнемді 3 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.
Осы жылдың бірінші тоқсанында еліміздің көлік полицейлері есірткі құралдарының заңсыз айналымына байланысты 98 есірткі құқық бұзушылығын анықтады, оның ішінде сегіз дерек өткізу фактісі, үш дерегі аса ірі мөлшерде сақтау. Заңсыз айналымнан 29 келіден астам түрлі есірткі құралдары тәркіленді.