Ақмола облысында қорық аумағындағы алапат өрт оқшауланды
Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, барлық 8 өрт ошағының жетеуі жойылды. Қазіргі уақытта қарауылдау жұмыстары жүргізілуде, елдімекендерге қауіп төніп тұрған жоқ.
"Өртті сөндіруге 23 бірлік техника, 78 адам, 2 жүзу құралы және "Қазавиақұтқару" АҚ-ның су төгетін құрылғылары бар 2 тікұшағы тартылды (тікұшақтарды тарту 3 мың га болатын аумақтың батпақты жер мен кірме жолдардың болмауына байланысты). Барлығы 288 тонна көлемінде 96 су ағызу жүзеге асырылды", делінген өңірдің ТЖД хабарламасында.
Естеріңізге сала кетейік, Ақмола облысы әкімінің төрағалығымен бірнеше рет жедел штаб отырыстары өткізілген. Сондай-ақ, жергілікті жерде Қорғалжын ауданының әкімі Берік Жанбаев пен Ақмола облысы ТЖ департаментінің бастығы, полковник Нұрлан Атығаевтың басшылығымен аудандық жедел штаб құрылған.
Айта кетсек, 15 маусымда Қорғалжын ауданы Шалқар ауылынан 25 шақырым қашықтықтағы "Қорғалжын қорығы" МҰТП аумағында, Сарыкөл ауданындағы аралда қамыс отқа оранды. Өртті сөндіру жердің батпақты болуына, қатты желге, қамыстың тығыздығына және өрт ошағына кірме жолдардың қолжетімсіздігіне байланысты күрделеніп жатқаны хабарланған.