Алматының Медеу ауданында су беруді 25 шілдеде қалпына келтіру жоспарланып отыр
"Алматы су" МКҚК хабарлауынша, сел салдарынан тау өзендерінің суы қатты лай болды. Бұл суды тазарту қондырғыларына тасымалдау үшін жеткілікті мөлшерде су алуға мүмкіндік бермейді.
"24 шілде күні таңғы сағат 8:00-дегі жағдай бойынша бастапқы судың зертханалық талдауы лай деңгейі алдыңғы күнмен салыстырғанда үштен біріне төмендегенін көрсетті. Су тазарту құрылыстарын қалыпты жұмыс режиміне көшіру 25 шілдеде жүзеге асады деп болжанды", - делінген компания таратқан хабарламада.
Демалыс күндері Медеу ауданында тау өзендерінің лайлануына байланысты су беру шектелді. "Юбилейный", "Тау самал" (Каменское үстірті) шағын аудандарында, "ВИП Алем" коттедждер қалашығында, "Европолис" тұрғын үй кешенінде, сонымен қатар Керей Жәнібек Хандар, Оңдасынов, Ладушкина, Оспанова, Қыз Жібек, Жәнібеков, Найманбаев көшелерінің бойында су беру шектелді.
Қажы Мұқан, Байжанов, Луганский көшелерінде, Достық, Нұрмағамбетов, Сахариев даңғылында "Көк-төбе", "Самал 1-3", "Тау алыбы" шағын аудандарында желілердегі су қысымы төмендетілді.
Бұған дейін Қазақстанда азаматтарды суды үнемді пайдалануға ынталандыру үшін сумен жабдықтау тарифтерін қайта қарастырылатыны айтылған.