ҰҚК: "Азаматтарға арналған үкімет" қызметкері Қазақстанның маңызды деректер базасындағы мәліметтерді өзгерткен
"2023 жылғы 27 шілдеде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен Ұлттық ұланды жұмылдыра отырып жүргізген жедел-тергеулік іс-шаралар нәтижесінде "Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес ұйымының жергілікті бөлімшесі бастықтарының бірін ұстады", – делінген хабарламада.
Ол Қазақстанның аса маңызды ақпараттық инфрақұрылымына жататын деректер базасындағы жер учаскелеріне қатысты мәліметтерді пайдакүнемдік ниетте заңсыз өзгертті деген күдікке ілінді.
"Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 206-бабының 3-бөлігімен (ақпаратты құқыққа сыйымсыз жою немесе түрлендіру) қарастырылған қылмыстық заң бұзушылық белгілері бойынша тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр".ҚР ҰҚК баспасөз қызметі
Көкшетау қаласының соты күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.
Өзге ақпарат Қылмыстық-процесстік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды.
28 шілде күні Абай облысында "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғам филиалының директоры Қылмыстық кодекстің 366-бабының 2-тармағымен (айтарлықтай мөлшерде пара алу) қарастырылған жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен ұсталды.