Шымкенттің гүл дүкеніндегі дау: Мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкері қызметінен кетті
Сонымен қатар Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшылығына қажет болған жағдайда тағайындалған тәртіптік жазаның қызметтік тексеруге сәйкестігін зерделеу шараларын қабылдау тапсырылды. Бұл туралы Otyrar.kz жазды.
"Алайда қазір Данияр Елқонды өз өтініші негізінде қызметінен босатылды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, оның өз өтініші бойынша мемлекеттік қызметті тоқтатуына ешқандай кедергі болған жоқ", - делінген ресми хабарламада.
Өткен аптада Қазнет гүл дүкенінен түсірілген видеоны белсенді түрде тарата бастады. Кадрда мас күйіндегі ер адамның мекеме қызметкерлерін қорқытып жатқаны байқалады. Сипаттамаларда белгісіз адамның прокурордың ұлы екені айтылған.
Шымкент қалалық ІІБ-нің мәліметінше, "гүл дүкеніндегі оқиғаға прокурорлардың қатысы бар" деген жалған ақпарат тарады. Кейін шымкенттік "прокурордың баласы" гүл дүкенінде болған оқиға үшін жұртшылықтан кешірім сұрады. Видео әлеуметтік желіде жарияланды.
10 тамыз күні Шымкенттегі гүл сататын дүкенде 8 мамыр мен 8 тамызда екі оқиға болғаны белгілі болды. ҚР ІІМ мәліметінше, мамыр айында түсірілген атышулы видеоның бірінің "кейіпкері" Шымкенттің экс-полицейі болып шықты. Ол - Қаратау аудандық полиция бөлімінің бұрынғы қызметкері. Отбасылық жағдайына байланысты өз еркімен арыз жазып, биыл 19 мамыр күні ішкі істер органдарындағы қызметінен босатылған.
13 тамызда Ішкі қауіпсіздік басқармасы Шымкент қалалық полиция басқармасының қызметкерлеріне қатысты тергеуді бастағаны белгілі болды. Гүл дүкенін тонап кеткен бұрынғы полицейге қатысты қылмыстық іс қозғалды.