Қарағандыда қос әскери қызметші өртенген пәтерде қалып кеткен бес жасар баланы құтқарды
Қарағанды өңірлік гарнизоны әскери полиция басқармасының әскери қызметшілері отқа оранған пәтерден баланы аман-есен алып шықты.
Сол күні таңертең сержант Жандос Айтқали, ефрейторлар Ізбасар Төлеутай мен Шыңғыс Ерқанат әдеттегідей жұмысына бара жатқан. Көрші үйдің жанынан өтіп бара жатып, жігіттер бірінші қабаттағы пәтерлердің бірінің терезесінен от пен будақтаған түтінді байқайды. Жақын жерде ер адамдар болмаған, ал оқиға орнына жиналған әйелдер дүрбелеңге түскен.
"Көшеден біз үсті алба-жұлба 6-7 жас шамасындағы баланы байқадық. Ол қорқып қалған, інісі үйде қалып кеткенін айтты. Мен әріптестеріме өзімді сыртта күтуді өтініп, өртенген пәтердің терезесіне қойып кеттім. Түтіннен көзім ашып, жас парлады. Бір-екі рет терезеге қарай жүгіріп, таза ауа жұтуыма да тура келді. Сол кезде қолыма суланған сулық пен фонарь да алдым. Тек үшінші рет ұмтылғанда түпкі бөлмеде қолында мысығы бар қорқып қалған баланы таба алдым", - деп еске алады Жандос.
Сурет: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі
Сержант Айтқали баланы пәтер терезесінен үй жануарымен бірге сыртқа алып шыққан. Көп ұзамай өрт сөндірушілер келіп, өртті сөндіруге кірісті.
Әскери қызметшілердің ерлігі туралы әлеуметтік желідегі жазбадан белгілі болды. Оқиға куәгерлері жігіттерге баланы құтқарғаны үшін алғыс айтты.
Сурет: әлеуметтік желіден алынды
"Осы маңнан өтіп бара жатқан әскери қызметшілер болған жайтқа бей-жай қарамай, олардың бірі ойланбастан отқа оранған пәтерге қойып кетіп, өрт сөндірушілер келгенге дейін баланы сыртқа алып шықты. Отты сөндіріп жатқанда олар кетіп қалды. Біз олардың лайықты әрекеті назардан тыс қалмағанын қалаймыз", делінген жазбада.