Батысқазақстандықтар қарымды қалам иесін еске алды
Әдеби іс - шараға облыс әкімі Нариман Төреғалиев, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, жазушының туыстары, облыс қаламгерлері қатысты.
Сурет: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі
Әдебиетiмiздiң тарихында өзiндiк орны бар белгiлi қаламгер, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Еңбек Қызыл Ту, "Құрмет белгісі" ордендерінің иегері, "Ақ Жайық" трилогиясының авторы, жерлес жазушы Хамза Есенжановқа арналған игі шара оның ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Жазушының туыстары мен жергілікті қаламгерлер қазақ халқына тың дүниелер сыйлаған сөз сергерінің рухына тағзым етті. Жазушының немере інісі, академик Айтбай Биғалиев жазушының жаратылысынан ерекше, өте мәдениетті еңбекқор адам болғанын сағынышпен еске алды. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев Жазушының шығармаларын жастарға насихаттай беру қажеттігін атап өтті.
Сурет: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі
"Өзінің санаулы ғана ғұмырында халқына өлмейтін шығармалар қалдырған парасатты жазушыны дәріптеп кейінгі ұрпаққа жеткізе білмесек бізге сын болар еді. Әйгілі жазушының азаматтық тұлғасын қайта жаңғыртып, оны кейінгі ұрпаққа насихаттау - біздің міндетіміз. Қайсар жазушының еңбегін әлі де терең зерттеу бағытындағы жұмыстар жалғаса беретін болады", – деді облыс әкімі.
Сурет: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі
Конференцияға қатысушылар жазушы Хамза Есенжановтың туындыларын зерттеп, есімін ұлықтау кенжелеп тұрғанын ашық айтты. Әдеби іс-шарада "Дархан дарын" фотоальбомы, "Пайымды парасат иесі" драмасы және "Қарымды қаламгер" деректі фильмінің тұсаукесері өтті. Республикалық конференцияда жазушы кітаптарының қазіргі оқырман үшін маңыздылығы мен қажеттілігі, жазушының шығармаларындағы экология мәселелері, өнер тақырыбы, өмірі мен шығармашылығы туралы ой- пікірлер ортаға салынды. Сондай ақ рухани шарада Елорда төріндегі көшелердің біріне Хамза Есенжановтың есімі берілетіні туралы сүйінші хабар айтылды. Жайық өңірінде өтіп жатқан Жазушының тойы туған топырағы Теректі ауданында жалғаспақ.
Сурет: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі
Оқи отырыңыз