Павлодарлықтың пәтеріндегі қоқысты шығару үшін КАМАЗ бен полицейлер қажет болды
Павлодар облыстық полиция департаментінің ақпаратынша, облыс орталығындағы учаскелік инспекторға әдеттен тыс қоңырау түскен. Көпқабатты үйдің тұрғындары полициядан 57 жастағы ер адамның пәтеріндегі қоқысты шығаруды сұраған.
Павлодарлықтар инспекторға Кривенко 81 көшесіндегі үйдің пәтерінде тұратын жалғызбасты адамның жағымсыз әдеті пайда болғанын айтты. Ол қоқысты шығармай, бір бөлмелі пәтерінде сақтайды екен. Сонымен қатар ер адамның пәтеріндегі құбыр қатып, бүкіл үйдегі жылудың өшіп қалуына әсер еткен.
Тұрғындар ер адам есік ашпаған соң коммуналдық мәселені шешу үшін полицияны шақырған. Бұл туралы Polisia.kz жазды.
Жалғызбасты павлодарлық тұрғынның пәтеріндегі барлық қоқысты шығару үшін полицейлер әкімдікке хабарласып, коммуналдық қызметтен тіркемесі бар "КАМАЗ" көлігін алуға мәжбүр болды. Бөлмені үйіндіден тазартуға бірнеше күн қажет болған. Осыдан кейін ғана сантехник пәтерге кіріп, құбырды жөндеп, үйдегі жылуды қалпына келтіре алған.