Атырауға қашан және қандай көлемде су келе жатыр
11 сәуірде Атырау облысы ТЖ жедел штабында өткен брифинг барысында облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев БАҚ өкілдерінің көктемгі су тасқынының басталу күні мен көлемі туралы сұрағына жауап берді.
"Бұл мәселе бойынша пікір әр түрлі. Сарапшылардың да, қарапайым азаматтардың да көзқарастары түрліше айтылып жатыр. Біз мемлекеттік орган және жедел штаб ретінде жұмысымызды болжап жоспарлау үшін бір ақпарат көзінің деректеріне сүйенеміз — бұл Қазгидромет мемлекеттік мекемесі", - деді ол.
Оның айтуынша, бұл кәсіпорын күн сайын су тасқыны басталғаннан бері Жайық өзенінің біздегі су деңгейі жөнінде қорытындылар мен болжамдарды беріп отыр, оған сүйенсек ең жоғары мөлшер 6 метрге жетеді деп күтіледі.
"Атырау облысында Жайық өзенінің бойындағы барлық іс-шаралар осы болжамды су деңгейін ескере отырып жүргізіліп жатыр және су тасқынынан қорғау бөгеттерінің сенімді болуы үшін басқа да нақты әрекеттер жоспарланған. Қазгидрометтің мәліметінше, Атырау облысының аумағына өр суы 20-25 сәуір аралығында келеді деп болжануда", - деді Жасұлан Бисембиев ТЖ жөніндегі жедел штабта өткен брифингте.
Үлкен су қайдан және қайда келе жатқаны жайына келгенде, спикер Жайық өзені қалаға солтүстіктен оңтүстік бағытта ағып жатқанын нақтылады.
"Бесікті, Алмалы және Береке сияқты елдімекендерді су басу қаупі бар. Бірақ біз бұған жол бермеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Қазіргі уақытта бұл учаскелерде екі қорғаныс желісін салу жұмыстары жүргізілуде", - деп қорытындылады өз сөзін Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев.
Айта кетсек, Үкімет басшысы Олжас Бектенов Орал мен Атырау бойынша күштер мен құралдарды барынша жұмылдыру қажеттігін мәлімдеген болатын.