Маңғыстау әкімі судағы қауіпсіздік шараларына ерекше көңіл аударуда
Облыстың баспасөз қызметі хабарлағандай, аптап ыстыққа байланысты биыл суға түсу маусымы ерте басталды. Қазіргі таңда шомылуға тыйым салынған 10 және рұқсат етілген 41 орын анықталды, оның ішінде 10-ы коммуналдық жағажай.
"Биыл жаз маусымы басталғалы 3 адам мерт болды, оның біреуі бала. Ал күні кеше Қарақия ауданы, Құрық ауылынан 3 шақырым жердегі жағажайда 2011 жылы туған бала суға батып кетті. Облыста шомылуға тыйым салынған орындарда суға бату фактілердің басым бөлігі Ақтау қаласында орналасқан "Шора" және "МАЭК" каналдарында, сондай-ақ 4 "а" шағынауданындағы "Тарасик" аймағында тіркелген",- делінген хабарламада.
Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мұрат Мұханов шомылу маусымы кезеңінде халықтың қауіпсіздігін ұйымдастыру жұмыстарының қарқынды жүріп жатқанын баяндады. Алайда, құтқарушылармен жүргізіліп жатқан үгіт-насихат және патрульдеу жұмыстарына қарамастан тұрғындар тыйым салынған және жабдықталмаған орындарда суға түсуін жалғастыруда. Әсіресе жасөспірімдер арасында жартастан суға сүңғу фактілері күннен-күнге өсуде.
Жиын барысында судағы келеңсіз оқиғаларға алаңдаушылық білдірген облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай шомылу маусымында қауіпсіздік ережелерінің сақталуын қадағалау бойынша нақты тапсырмалар берді.
"Суға батып кетудің негізгі себебі - өз күштерін асыра бағалау, ішімдік ішкен күйінде шомылу және балалардың ересек адамның қарауынсыз қалуы. Адам қауіпсіздігі бірінші орында. Қала әкімдігіне 1 апта ішінде Ақтаудағы тұрғындар суға көп түсетін орындардағы жартасқа судан шығуға арналған баспалдақ орнатуды тапсырамын",- деді әкім.
Сонымен қатар, ол мас күйінде суға шомылу салдарынан да қайғылы оқиғалар жиі болатынын атап өтті. Жағажайларда ішімдік сатуға тыйым салу үшін жергілікті атқарушы органдар кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тиісті алгоритм жасақтау қажеттігін де баса айтты.
"Сондай-ақ, көлік бақылау инспекциясы жағажайлардағы су көліктерінің қауіпсіздігіне тексеріс жүргізу керек, - деді Нұрдәулет Қилыбай.
Бұған дейін 5 маусымда екі жасар бала Каспий теңізіне батып кеткені туралы хабарлаған болатынбыз.