Солтүстік Арал жандануда: су көлемі рекордтық деңгейде ұлғайды
Ведомствоның ақпаратынша, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов "Әйтек" су торабын аралап, Солтүстік Арал теңізіне су жіберу жұмыстарымен танысты.
Қазіргі уақытта Солтүстік Аралға секундына 75 текше метрге дейін су жіберілуде. Былтыр секундына 6 текше метр су келген болатын.
Министрдің айтуынша, бүгінде Сырдария өзені арқылы Қызылорда облысына секундына 650 текше метр су келіп жатқандықтан осындай нәтижеге қол жеткізілді.
Сондай-ақ, Өзбекстан және Қырғызстанмен бірлескен жұмыс жүргізілді.
"Атап айтқанда, су жіберу кестелері бекітіліп, қазіргі таңда келісімге сай су келіп жатыр". Нұржан Нұржігітов
15 шілдеде Су ресурстары және ирригация министрлігі судың "қара нарығымен" күресті күшейтуде нақты қадамдарға көшкені хабарланған болатын. Осы мақсатта жаңа ведомство – Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті құрылды. Жаңа комитет суды заңсыз пайдаланумен және оны есепке алу деректерінің бұрмалануымен, сондай-ақ еліміздің су нысандарындағы құқыққа қайшы шаруашылық қызметпен күреседі