Елордада биыл түнгі уақытта тыныштықты бұзудың 4500-ге жуық дерегі анықталды

Мысалы, соңғы оқиғалардың бірі бойынша қалалық тұрғындар көршілердің мас күйінде шулап, түнгі тыныштықтың бұзылғаны туралы шағым түсірді.
Полиция қызметкерлері оқиға орнына жедел жетіп, тәртіп бұзушылықты тіркеп, ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабының негізінде хаттама толтырды.
Астана қалалық полиция департаменті ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 437-бабына сәйкес, сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін тыныштықты бұзғаны үшін жеке тұлғаларға 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынатынын ескертеді.
Егер бұзушылық қайталанса, айыппұл мөлшері 10 айлық есептік көрсеткішке дейін артады. Полиция қызметкерлері тұрғындарды қоғамдық тәртіп ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
Тыныштықты бұзу фактілері бойынша азаматтар "102" нөміріне хабарласып, шағым бере алады. Полиция бұл бағыттағы алдын алушараларын күшейтіп, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда.