Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Кая Калласпен кездесті

Ақорданың 2025 жылғы 28 наурыздағы баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, кездесуде Қазақстанның Еуропа Одағымен санқырлы ықпалдастығының перспективасы талқыланды.
Сауда-экономикалық ынтымақтастықтың маңызды бағыттарына, атап айтқанда, энергетика, өнеркәсіп, цифрландыру, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуды көздейтін ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне ерекше мән берілді.

Сурет: akorda.kz
Кая Калластың айтуынша, Қазақстан Еуропа Одағымен серіктестік және ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойған аймақтағы алғашқы елдердің бірі. Бұл екіжақты қарым-қатынастың деңгейі жоғары екенін көрсетеді. Ол Еуропалық комиссия мен Қазақстан арасында виза беру тәртібін жеңілдету жөніндегі келісімді бекіту үдерісі басталғанын мәлімдеді.
Мемлекет басшысы қазақстандықтар аталған жаңалықты өте жылы қабылдағанын атап өтіп, бұл қадам еуропалық елдермен жеке және іскерлік қатынастарды нығайтуға мол мүмкіндік беретінін айтты.

Сурет: akorda.kz
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Кая Каллас халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті тақырыптар жөнінде пікір алмасты.
Мемлекет басшысы жаһандық тұрақсыздықты ескере отырып, әлемде болып жатқан күрделі оқиғаларға баға беруде байыптылық пен жауапкершілік танытудың айрықша маңызға ие екенін айтты. Президенттің пікірінше, Қазақстан барлық өзекті халықаралық мәселелер мен қақтығыстарды дипломатиялық келіссөздер арқылы шешуді берік ұстанады.

Сурет: akorda.kz
Кездесуде "Орталық Азия – Еуропа Одағы" форматындағы ықпалдастықтың жай-күйі қаралды.