Алматыда мотоцикл апатынан ерлі-зайыпты жұмысшы мен олардың жас әріптесі қайтыс болды
Сурет: Zakon.kz
Suzuki Ninja мотоциклі Рысқұлов даңғылымен батыс бағытта келе жатқан, ал оның алдында Mercedes e-class автокөлігі келе жатты. Мотоцикл жүргізушісі көліктің оң жағынан айналып өтпек болған, алайда жылдамдығын да, айналу жолын да есептемеген.
Осылайша, Mercedes-ке ілігіп қалған мотоцикл жол жиегіне шығып, қарсы жаққа қарай ұшып кеткен. Ал, бұл уақытта, ол жерде жұмыстарын бітіріп, демалып отырған үш жол жұмысшысы болған.
Мотоцикл үшеуін де басып өтті. Тіпті, бір жұмысшының аяқ киімі жыртылып кеткен.
Апат салдарынан екі ер жұмысшы дәрігерлер келгенге дейін оқиға орнында қайтыс болды. Ал, олардың бірінің әйелі ауыр жағдайда ауруханаға жатқызылды, алайда оны да құтқару мүмкін болмаған.
Осылайша, жүргізушінің олқылығынан осы маңда жұмыс істейтін жас қызметкер мен ерлі-зайыпты жұмысшы көз жұмды.
Мотоцикл жүргізушісі болса, бар болғаны денесін аздап сырып алған.
Оқиға орнында жол полициясының қызметкерлері, криминалист, анықтаушы жұмыс істеді.
Бұған дейін 8 сәуірде Алматыда Тәтібеков көшесінде Бестужев пен Сырымбет көшелерінің аралығында №207 бағыттағы қалалық автобус пен Mazda 3 көлігі соқтығысқаны жайлы жазған болатынбыз.





