Шерзаттың ісі бойынша судья блогерлер мен желі қолданушыларын арандатушылық әрекеттерден бас тартуға шақырды

Ержан Жанұзақовтың айтуынша, әлеуметтік желілерде іске мүлдем қатысы жоқ блогерлер мен басқа да азматтар тергеу әрекеттері мен сот талқылауы барысына қатысты жеке пікірін білдіріп, субьективті баға беріп жатыр.
"Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының Конституциясының 75-бабының 1 тармағына сәйкес, ҚР сот төрелігін тек сот жүзеге асыратынын, сонымен қатар, сот төрелігін жүзеге асыру жөніндегі сот қызметіне қандай да бір араласуға жол берілмейтінін және ол заңда белгіленген тәртіпте жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертемін". Ержан Жанұзақов
Судья іс қаралып бітіп, үкім шығып, ол заңды күшіне енгенге дейін сот процесін түсіндіруге, әсіресе оған, құқықтық баға беруге жол берілмейтінін бас айтты.
"...Сот тек заңға сүйене отырып, бейтарап төреші ретінде әрекет етеді",- деп нақтылады Жанұзақов.
Мұнымен қоса, ол қазір іс "сот тергеуі" сатысында екенін, қорытынды үкім шығарылмағанын қоса айтты.
"Үкім шыққанға дейін сотқа қысым жасауға, негізсіз және дәлелсіз сын айтуға жол берілмейді. Іске қатысты субьективті пікірлер таратуға болмайды. Бұл кейбір жағдайларда сотқа қысым жасау әрекеті ретінде бағаналуы мүмкін... Осыған байланысты, блогерлер мен басқа да желі қолданушыларын арандатушылық сипаттағы әрекеттерден аулақ болуға шақырамыз".
Қорытындылай келе, ол сот процесінің ашық түрде өтіп жатқанын, онда сот обьективті әрі негізделген үкім шығаратынына кепілдік беретіндігін айтты.
Шерзат Полаттың ісі бойынша басты сот отырысы 2025 жылдың 10 сәуірінде Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында басталды. Бүгінде айыптау актісі оқылып, жәбірленушілер куәлік етті. Куәгерлер де сот алдында жауап беріп болды. Енді 2025 жылғы 6 мамырдан бастап сотталушылар жауап беруде. Іске қатысты өз нұсқасын алғашқы болып Дархан Аскентай айтуда.