Астанада жаяужол опырылып, бойжеткен шұңқырға құлап түсті

Болған оқиға жайлы куәгерлер мәлімдеді.
"Қыз тротуармен кетіп бара жатқанда аяқ астындағы тас төсеуіш (брусчатка) опырылып, ол шамамен бір метр тереңдіктегі шұңқырға құлап кетті. Шұңқырдың түбінде су болды. Бойжеткен құлаған кезде қатты ауырсынғанын айтып, жылап жатты",- делінген желіде жарияланған жазбада.
"Астана су арнасы" кәсіпорны жағдайға байланысты Zakon.kz тілшісіне ресми түсініктеме берді. Олардың мәліметінше, Керей, Жәнібек хандар көшесіндегі 18-үйдің маңындағы D-1000 мм диаметрлі коллектордың жанындағы жергілікті тротуардың опырылуы орын алған.
"Оқиға орнына дереу мамандар бригадасы жіберілді. Қазір жер қазу және техникалық тексеру жұмыстары басталды. Жағдай толық бақылауда. Опырылу себептері тексеру нәтижесінде анықталады", – деп хабарлады коммуналдық кәсіпорын.
Сондай-ақ кәсіпорын қала тұрғындарынан келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұрады.
Өз кезегінде, Астана қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккен бойжеткеннің ауруханаға жатудан бас тартқанын хабарлады.
"Жедел жәрдем қызметіне оқиға бойынша шақырту түсті. Бригада оқиға орнында алғашқы медициналық көмек көрсетті. Пациенттің жағдайы қанағаттанарлық", – деп мәлімдеді басқарма.
Бұған дейін Еуропа мен Азия елдеріне тікелей рейстер ашылғандығы хабарланған болатын.