Астанаға ауру мал еті жеткізілгені туралы ақпаратқа қатысты ресми орган түсініктеме берді

Ет, ауру мал, Астана, сібір жарасы, түсініктеме, АШМ, сурет - Zakon.kz жаңалық 02.07.2025 17:46 Сурет: gov.kz
ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті 2025 жылы 2 шілдеде Астана қаласындағы "Әлем" базарына сібір жарасын жұқтырған мал етінің жеткізілгені туралы тараған ақпаратқа қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде Астанаға сібір жарасы ауруына шалдыққан мал етінің жеткізілгені туралы ақпарат тарады.

"Бүгінгі күнге дейін елордадағы сауда орталықтарында, соның ішінде "Әлем" сауда орнында жұқпалы ет өнімінің сатылуы немесе жеткізілуі туралы ешқандай факт тіркелген жоқ. Барлық жеткізілген ет өнімдері міндетті ветеринарлық-санитарлық тексеруден өтеді. Сондықтан тұрғындардың алаңдауына еш негіз жоқ", делінген комитет түсініктемесінде.

Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті бұған дейін бірен-саран жағдайлар тіркелген Атбасар ауданында кешенді дезинфекциялық жұмыстар толық аяқталғанын нақтылады.

"Қауіпті ет өнімдері белгіленген санитарлық тәртіппен жойылды. Тұрғындар медициналық тексеруден өтіп жатыр. Азаматтарды тек ресми дереккөздерге, яғни, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің ақпараттарына сенуге шақырамыз. Жалған ақпарат тарату Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкелетінін ескертеміз", делінген хабарламада.

Бұған дейін Қазақстанда мал дәрігерлеріне үстемақы төленуі мүмкін екені хабарланған.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: