6 млрд теңгеге вейп: Астанада заңсыз айналым жүргізген ірі көтерме желінің қызметі тоқтады
Фото: unsplash
Аталған өнімдер Қазақстанның барлық өңірлеріне Telegram мессенджері және курьерлік жеткізу арқылы таратылған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде 5 қойма анықталды.
Тінту барысында 490 мыңнан астам вейп тәркіленді, олардың сатылымынан түсетін кіріс 6 млрд теңгеден асуы мүмкін еді.
Бұдан бөлек, күдіктілер қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру схемасын ұйымдастырған. Олар ірі сомаларды қолма-қол ақшаға айналдыру және қылмыстық жолмен келген ақшаның ізін жасыру мақсатында банктік карталар өз атына ресімделген адамдарды, яғни дроперлерді — пайдаланған.
"Қылмыстық табыстың бір бөлігі шетелден кофе жеткізуге арналған мәмілелерге жұмсалған, жалпы сомасы 92 млн теңгеден асады",- делінген ақпаратта.
Соттың санкциясымен тыйым салынған өнімдерді тасымалдау үшін пайдаланылған автокөлікке тыйым салынды.
Заңсыз бизнестің ұйымдастырушыларына іздеу жарияланып, олар қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасымен іздестірілуде.
"Тергеу жалғасуда. ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді",- деп қорытындылады ҚМА.
Бұған дейін Оралда қоқыс контейнерінен шақалақ табылғандығын жазған болатынбыз.