Алаяқтық жасады деген күдікке ілінген қазақстандық Ресейден экстрадицияланды
Фото: pexels
Таратылған ақпарға сүйенсек, күдікті 2024-2025 жылдар аралығында Тараз қаласында өзін коммерциялық ұйымның қызметкерімін деп таныстырып, қаражатты инвестициялау арқылы жоғары табысқа уәде беріп, азаматтарды әртүрлі тауарларды көтерме сатып алу және кейіннен сату бойынша бірлескен кәсіппен айналысуға шақырған.
"Алайда ол өз міндеттемелерін орындамай, алған ақшасын жымқырып, қажеттілігіне жұмсаған. Оның қылмыстық әрекеттері нәтижесінде Қазақстанның 6 азаматына жалпы 100 млн теңгеден астам залал келтірілген",- делінген ақпаратта.
Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланған.
2025 жылдың тамызында күдікті Ресейде ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды.
Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамауға алынды.
Айыпталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Бұған дейін екі өңірде ақбөкендерді заңсыз аулаған браконьерлер ұсталғанын жазғанбыз.