ШҚО-да 62 градус аяз болып жатқаны рас па - синоптиктер түсініктемесі
Сурет: видеодан алынды
Жергілікті тұрғындар әлеуметтік желіде қыстың қытымыр мінезіне қатысты өз ойларын айтып, видео бөлісуде. Соның бірі - Алтай тұрғыны (бұрынғы Зырян). Видеода ер адам өздерінде сынап бағаны -62°С-ді көрсетіп тұрғанын айтады.
Сонымен қатар, Yk-news.kz өңірлік басылымының мәліметінше, Алтай ауданының Парыгино ауылында сынап бағаны -50°С-ден де төмен түскен.
"Қазгидромет" РМК-ның баспасөз қызметі желідегі видео авторының мәлімдемесіне түсініктеме бере отырып, 2026 жылғы 16 қаңтарға қараған түні Алтай метеостанциясы тіркеген ауа температурасы минус 41,5°С-ді құрағанын нақтылады. Осылайша, метеорологтар әлеуметтік желідегі асыра жасалған мәлімдемелерді жоққа шығарады.
ШҚО-ның басқа қалаларына келетін болсақ, түскі сағат 14:00-дегі ауа температурасы Өскеменде: -26°С, Марқакөлде: -32°С.
"17-18 қаңтарда түнде Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде, шығысында қатты аяз болады деп күтіледі: -45°С". "Қазгидромет" РМК-ның баспасөз қызметі
Сондай-ақ, аймақта қалың тұман болатыны да айтылады.
Бұған дейін біз 2026 жылғы 17-19 қаңтар аралығында Сібірге бет алған кең ауқымды антициклон Қазақстанның солтүстік және шығыс өңірлерінде аязды ауа райын әкелетінін хабарлаған болатынбыз.