СҚО-да мектеп оқушысы сірке суын ішіп, жансақтау бөліміне түсті: оқиғаның мән-жайы

Пациенты в палате, палата, лечение, медицинское учреждение, больница, госпитализация, сурет - Zakon.kz жаңалық 05.02.2026 16:44 Фото: Zakon.kz
СҚО-дағы Айыртау ауданының Гусаковка ауылында 16 жастағы мектеп оқушысы сірке қышқылын ішіп уланып қалған. Шұғыл түрде аудандық ауруханаға жеткізілген ол көп ұзамай авиациямен Петропавл қаласындағы облыстық көпсалалы балалар ауруханасына тасымалданды. Қыз қазір жансақтау бөлімінде жатыр.

Төтенше жағдай 2026 жылғы 4 ақпан күні таңертең болған. 10-сынып оқушысы мектепке 70%-дық сірке суы бар бөтелке алып келіп, оны әжетханада ішіп қойған. Ес-түссіз күйінде табылған бойжеткенге бірден ауылдық жедел жәрдем шақырылған.

Оның бірінші сабаққа келмегенін байқаған мұғалімдер дереу дабыл қағып, іздеу шараларын бастаған, жасөспірім соның арқасында аман қалған.

Алдымен қызды Саумалкөл ауылындағы Айыртау аудандық ауруханасына жеткізген. Алайда дәрігерлер жағдайдың аса ауыр екенін бағалап, облыс орталығынан көмек шақырған.

"Бастапқы тексеруден кейін баланың жағдайын ескере отырып, санитарлық авиацияны тарту туралы шешім қабылданды. Арнайы мамандар бригадасымен санавиация арқылы науқас Петропавл қаласындағы көпсалалы облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Қазіргі таңда бала жансақтау және қарқынды терапия бөлімінде жатыр. Жағдайы өте ауыр деп бағаланады. Медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр, жағдайды тұрақтандыру үшін барлық шара қабылдануда", – деді СҚО әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Гүлнар Қалиева.

Дәрігерлер әзірге болжам жасаудан бас тартуда. Ішкі күйіктердің дәрежесі әлі анықталу үстінде. Қазіргі басты міндет – науқастың өмірін сақтап, жағдайын тұрақтандыру. Қайғылы жағдайдың себебін білім басқармасынан құрылған арнайы комиссия анықтап жатыр. Педагогтардың айтуынша, оқушы бұған дейін тек жақсы жағынан ғана танылған.

"Мектепте ол жағымды мінездемеге ие, ешқандай қақтығысқа қатыспаған, мұғалімдермен және сыныптастарымен әрдайым тіл табыса білетін. Оқиға орнына бірден психологиялық қолдау көрсету жөніндегі арнайы комиссия жіберілді, барлық мән-жай анықталуда", – деп мәлімдеді Zakon.kz тілшісіне СҚО әкімдігінің білім басқармасының баспасөз хатшысы Әсел Оразбаева.

Оқиғаның мән-жайын тергеу органдары анықтап жатыр. Полиция өкілдері әзірге пікір беруде сақтық танытуда.

"Аталған дерек бойынша полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүзеге асырылуда. Заңнамаға сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді", – деді СҚО ПД баспасөз хатшысы Әдемі Меңдібаева.

Бұған дейін Астанадағы "Мирас" мектебіндегі улану оқиғасы жайлы жазғанбыз.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: