Ауған апиыны мен ірі көлемдегі ақша: ІІМ есірткі жеткізумен айналысқан төрт қазақстандықты ұстады
Сурет: ҚР ІІМ
Ведомствоның хабарлауынша, күдіктілердің тұрғылықты мекенжайларында жүргізілген тінту барысында 1,3 келі апиын және ірі көлемдегі ақша тәркіленген.
Атап айтқанда, ұзақ уақыт жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде Маңғыстау облысында апиын тобына жататын есірткі заттарын жеткізумен айналысқан, жергілікті төрт тұрғыннан құралған қылмыстық топтың заңсыз қызметі тоқтатылды.
Фигуранттардың тұрғылықты мекенжайлары бойынша жүргізілген тінту іс-шаралары барысында 1,3 келі апиын және ірі көлемдегі ақша тәркіленді. Сарапшылардың бағалауынша, ауған текті апиын осы өңір үшін сирек кездесетін есірткі түрі.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша Қылмыстық заңнаманың 297-бабының 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Аталған баптың санкциясы 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді. Барлық ұсталған күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Есірткі жеткізу арналарының жолын кесу бағытындағы жұмыс жалғасып жатыр.