Түнгі бақылау нәтижесі: Талдықорғанда бірқатар құқық бұзушылықтың жолы кесілді
Фото: pexels
Қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында наурыздың 25-інен 26-на қараған түні Талдықорған қаласында ауқымды профилактикалық іс-шара өтті.
Рейд барысында негізгі назар құқық бұзушылықтардың алдын алуға, қоғамдық тәртіптің сақталуын бақылауға және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге аударылды.
Іс-шара қорытындысы бойынша 127 құқық бұзушы анықталды. Олардың қатарында қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішу, түнгі тыныштықты бұзу, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінсіз жүруі, сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілері бар.
Жол қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінді. Атап айтқанда көлік жүргізу кезінде телефон пайдалану, жолаушыларды тасымалдау қағидаларын сақтамау, бағдаршамның тыйым салатын белгісіне өту және техникалық талаптарға сай келмейтін көлік құралдарын басқару деректері тіркелді.
Сонымен қатар ішкі істер органдарында есепте тұрған 35 адам тұрғылықты мекенжайы бойынша тексерілді. Олардың арасында шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандар, әкімшілік қадағалаудағылар және пробациялық бақылауда жүрген азаматтар бар.
Профилактикалық жұмыс аясында учаскелік полиция инспекторлары 7 адамды уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына орналастырды.
"Мұндай іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қоғамда заңға бағынушылық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Қауіпсіздік – әр адамның жауапкершілігінен басталады", – деді полиция қызметкерлері.
Тәртіп сақшылары күшейтілген режимде қызмет атқаруды жалғастырып, қала тұрғындары мен қонақтарын заң талаптарын сақтауға және қоғамдық тәртіпті құрметтеуге шақырды.