Павлодарда жалған мемлекеттік нөмір таққан жүргізуші ұсталды
Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин
Соған қарамастан, кейбір жүргізушілер заң талаптарын айналып өту үшін түрлі айла-шарғыға жүгінуде. Солардың бірі – көлік құралына жалған мемлекеттік тіркеу нөмірін тағу.
Патрульдік полиция ротасының қызметкерлері Омбы – Майқапшағай автожолында ВАЗ-21093 автокөлігін тоқтатты. Тексеру барысында көлікті басқарған Павлодар қаласының тұрғыны пайдаланған мемлекеттік нөмірдің өзге автокөлікке тіркелгені анықталды.
Павлодар облысы полиция департаменті патрульдік полиция ротасының командирі Асет Рыспаевтың айтуынша, аталған құқық бұзушылыққа байланысты жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылып, жалған нөмір тәркіленген. Ал көлік арнайы тұраққа қойылды.
Жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттік нөмірлерді пайдалану – ауыр құқық бұзушылықтардың қатарына жатады. Мұндай әрекеттер көбіне көлік ұрлығы, заңсыз тасымал немесе айыппұлдан жалтару секілді өзге де заңсыз істерді жасырумен байланысты болуы мүмкін.
Полиция әрбір жүргізушіні заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Көлік құралын тек өзіне тіркелген ресми мемлекеттік нөмірмен басқару – әр азаматтың міндеті. Ал жалған нөмірлерді пайдалану әкімшілік жауапкершілікпен қатар, қылмыстық жауаптылыққа да әкелуі ықтимал