Шабуылдаушыдан күйеуін арашалаған әйел бостандыққа шықты

Зал суда, суд, молоток судьи, судья, приговор, судебный процесс, зачитывание приговора, судебная система, сурет - Zakon.kz жаңалық 15.04.2026 09:34 Фото: Zakon.kz
Күйеуін шабуылдаушыдан қорғаған қазақстандық әйел алдымен 6 жылға сотталып, кейін босатылды, деп хабарлайды Zakon.kz.

2026 жылғы 15 сәуірде Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық соттың мәліметінше, 2024 жылдың шілде айында Абай облысында әйел күйеуін тұншықтырып жатқан ер адамды ағаш кесіндісімен ұрған. Шабуылдаушы алған жарақатынан көз жұмған.

Аудандық сот әйелді Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігі бойынша (денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіріп, абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан) кінәлі деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар одан моральдық зиян өтемі ретінде 3 миллион теңге өндірілді. Облыстық сот бұл үкімді өзгеріссіз қалдырған.

Кассациялық шағымда сотталған әйел мен оның адвокаты оқиғаның күйеуін қорғау кезінде болғанын айтып, істі жеңілірек бапқа қайта саралауды сұрады. Кассациялық сот оның шынымен де күйеуін қорғау мақсатында әрекет еткенін мойындады. Алайда сот әйелдің ауыр затпен басынан ұру арқылы қажетті қорғаныс шегінен асып кеткенін атап өтті.

Сонымен қатар сот оның жасаған ісіне өкінетінін, кәмелетке толмаған баласының бар екенін, III топтағы мүгедек екенін, сондай-ақ оқиғаға жәбірленушінің өзі түрткі болғанын ескерді.

Нәтижесінде кассациялық саты алдыңғы сот шешімдерін өзгертіп, әйелдің әрекетін Қылмыстық кодекстің 112-бабы 2-бөлігіне (қажетті қорғаныс шегінен асып, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, абайсызда қол сұғушының өліміне әкеп соғу) қайта саралады. Оған 1 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Кассациялық қарау кезінде бұл мерзім толық өтелгендіктен, әйел сот залынан босатылды.

Айта кетейік, бұған дейін кассациялық сот көлікке қатысты жанжал кезінде әйелді өлтіргені үшін сотталған адамның жазасын жеңілдету туралы өтінішін де қараған болатын.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: