Қостанайда түнгі клубтағы төбелестен кейін қазақстандықтың көзі жартылай көрмей қалды
Сурет: freepik
Белгілі болғандай, 2025 жылғы маусым айында сотталушы екі досымен бірге түнгі клубта алкогольдік ішімдік ішіп отырған. Би алаңында ол жәбірленушімен абайсызда соқтығысып қалған. Осыдан кейін болмашы себепті пайдаланып, қасақана әрекет еткен ол жәбірленушінің сол жақ көзі тұсына жұдырықпен қатты соққы жасаған. Соның салдарынан жәбірленуші жерге құлап, кейін сол көзінің көру қабілетін жоғалта бастаған, яғни оған ауыр дене жарақаты келтірілген.
Дегенмен, бұдан кейін ол өз әрекетін тоқтатпай, достарымен бірге сыртта 5 жәбірлеушіні соққыға жығып, би алаңында айқасып қалған жігітке жеңіл дене жарақатын келтірген.
"Сотта негізгі айыпталушы мен оның бір досы кінәларын ішінара мойындаса, екінші досы кінәсін толық мойындап, өздеріне қатаң жаза қолданбауды сұрады. Ал, негізгі жәбірленуші және оның өкілі, сондай-ақ тағы бір азамат қатаң жаза тағайындауды және азаматтық талаптарды қанағаттандыруды сұрады. Қалған жәбірленушілер жазаны соттың қарауына қалдырды",- делінген соттың ақпаратында.
Осылайша, сот сотталушылардың жеке басын, жасаған қылмыстарының ауырлығын, жәбірленушілерге келтірілген зиянды өтемеуін ескере отырып, қылмыстар жиынтығы бойынша түпкілікті жаза тағайындады: Негізгі айыпталушы – 7 жыл бас бостандығынан айыру; Екі досы – әрқайсысына 3 жыл бас бостандығынан айыру. Жазаны орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеу белгіленді. Жәбірленушілердің азаматтық талаптары қанағаттандырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.