Астанада кішкентай баланың пышақпен жүрген видеосы: полиция түсінік берді
Фото: unsplash
Қазнетте тараған видеода елорданың бір ауласында қолына пышақ ұстаған баланың жүгіріп жүргені, ал басқа балалардың оның соңынан жүгіргені көрінеді.
Аталған жағдайға Астана қалалық полиция департаменті пікір білдіріп, тексеру жүргізгеннен кейін баланы анықтағанын хабарлады.
"Тексеру барысында баланың үйде анасы алаңдап кеткен сәтте ас үй пышағын өз бетінше алып, сыртқа шыққаны анықталды", – делінген полиция хабарламасында.
Оқиға салдарынан зардап шеккендер тіркелмеген.
Құқық қорғау органдары баланың заңды өкілімен профилактикалық әңгіме жүргізіп, кәмелетке толмаған баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ата-аналық міндеттерді тиісінше орындау қажеттігін түсіндірді.
Сонымен қатар баланың анасы кәмелетке толмағанды тәрбиелеу және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Материал кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жолданған.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда балалар тағамында егеуқұйрық уы бар деген қауесет тараған болатын. Денсаулық сақтау министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.