Мұрат Ергешбаев Қызылорда облысының әкімі лауазымына тағайындалды
Сурет: mazhilis.parlam.kz
Бұл туралы 2026 жылғы 8 мамырда белгілі болды. Тиісті жарлық Ақорданың баспасөз қызметі арқылы жарияланды.
"Мемлекет басшысының Жарлығымен Мұрат Нәлқожаұлы Ергешбаев Қызылорда облысының әкімі лауазымына тағайындалды", – деп жазылған ресми ақпаратта.
Жаңа әкімнің тағайындалуы өңірді басқару жүйесіндегі кадрлық өзгерістер аясында жүзеге асты.
Мұрат Ергешбаев 1966 жылы Қызылорда қаласында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық жоғарғы мемлекеттік басқару мектебін бітірген.
Еңбек жолын 1989 жылы Сырдария ауданында Жамбыл кеңшарының экономисті ретінде бастап, Сырдария аудандық өнеркәсіп бірлестігінің бөлім бастығы қызметтерін атқарған.
Сондай-ақ облыста банк саласында түрлі басшылық лауазымдар атқырып, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің "Өрт сөндіруші" акционерлік қоғамының вице-президенті болған.
2008-2017 жылдары Қызылорда қаласының әкімі, облыстық қаржы басқармасының бастығы, Қармақшы және Шиелі аудандарының әкімі, Алматы қаласы бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары, "ҚазАгроӨнім" акционерлік қоғамының басқарушы директоры, Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы қызметтерін атқарған.
Мұрат Ергешбаев 2017–2021 жылдары Қазалы ауданы әкімі, ал 2021–2023 жылдары Сырдария ауданы әкімі қызметін атқарған.
2023 жылғы наурыздан бастап ол Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі VIII шақырылымының депутаты болып, AMANAT партиясы партиялық тізімі бойынша сайланған.
Ал Қызылорда облысы әкімі қызметін 2022 жылғы 7 сәуірден бері Нұрлыбек Нәлібаев атқарып келген. Ол 2026 жылғы 6 мамырдағы Мемлекет басшысының жарлығымен Қасым-Жомарт Тоқаев тарапынан Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды.