Алматы облысында мектеп оқушылары көлік тізгіндеп, жеткіншекті қағып кетті
Фото: Zakon.kz
Оқиға жайлы толығырақ Astana TV жазды. Кадрлардан ересек оқушылардың жеткіншекті мектепке қарай алып бара жатқаны көрінеді. Ал, оқиғаға қатысушы тағы бір бала көлікті жасыру мақсатында жол апаты болған жерден кетіп қалады.
Жәбірленуші баланың туыстарының айтуынша, жасөспірімдер 7-сынып оқушысын 30-40 минут шамасында қорқытып-үркітіп, жағдай туралы ешкімге айтпауды талап еткен. Артынша барлығы мектепке келіп, мектеп мұғаліміне баланы мопед қағып кетті деп хабарлаған.
Полиция дерегінше, кәмелетке толмаған жүргізуші ұсталып, жауапқа тартылды. Сонымен қатар, оның ата-анасына қатысты да екі бап бойынша іс қозғалды. Қалған оқушылардың іс-әрекетіне құқықтық баға берілуде.
"Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Түпкілікті процестік шешім Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес медициналық қорытындыны алғаннан және зардап шеккен адам ауруханадан шығарылғаннан кейін қабылданады". Ернар Сайділдин, Алматы облысы полиция департаментінің ресми өкілі
Бұған дейін Алматыда жүргізуші куәлігі жоқ жас жігіт көлік басқарып, апатқа ұшырағанын жазғанбыз.