Алматыда ауыр қылмыстарға қатысы бар қылмыстық топтың жолы кесілді
Фото: pexels
8 мамыр күні Алматыда 10 адамнан тұратын қылмыстық топ ұсталды. Олардың арасында бұрын сотталған, қылмыстық ортада белгілі адамдар да бар.
Күдіктілер мегаполис аумағында жасалған бірқатар ауыр және аса ауыр қылмыстарға қатысы бар деген күдікке ілінді.
Атап айтқанда, олар:
- қару қолданылған бұзақылыққа;
- бопсалауға;
- денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруге;
- қару-жарақ пен өзге де тыйым салынған заттардың заңсыз айналымына қатысы бар деп күдіктелуде.
Полиция 21 санкцияланған тінту жүргізіп, қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін едәуір көлемдегі қару-жарақ пен басқа да заттарды тәркіледі.
Атап айтқанда, күдіктілердің бірінің үйінен бірнеше атыс және травматикалық қару, кесілген мылтықтар, оқ-дәрілер және Калашников автоматы табылған. Тергеу мәліметіне сәйкес, бұл қару Қаңтар оқиғасы кезінде Жамбыл облысы полиция департаментінен ұрланған.
Қазіргі уақытта барлық күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот оларды қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.
Құқық қорғау органдары қылмыстық әрекеттің қосымша эпизодтарын анықтау және іске қатысы бар өзге тұлғаларды табу бойынша тергеу және жедел-іздестіру жұмыстарын жалғастырып жатыр.
ІІМ өкілдерінің айтуынша, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті нығайту және қылмыс үшін жазаның бұлтартпастығын сақтау – ведомство жұмысының негізгі бағыттарының бірі болып қала береді.