Алматыда заңсыз көші-қон арналарының жолы кесілді
Сурет: ҚР ІІМ
Бес күнге созылған іс-шара барысында көші-қон заңнамасын бұзған 1 176 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен 225 шетел азаматы Қазақстан Республикасының аумағынан шығарылды.
Атап айтқанда, мегаполис аумағында болу қағидаларын бұзған 830 шетелдік азамат жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар шақырған азаматтарының Қазақстан аумағында заңды түрде болуын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін орындамаған 273 қабылдаушы тұлғаға қатысты әкімшілік шаралар қабылданды.
Бұдан бөлек, шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібін бұзған 73 жұмыс беруші анықталды. Іс-шара барысында мемлекетаралық іздеуде жүрген үш шетел азаматы анықталып, ұсталды. Заңсыз көші-қон арналарының жолын кесуге ерекше назар аударылды.
Аталған фактілер бойынша шетел азаматтарының заңсыз келуі мен болуын ұйымдастыру деректері бойынша үш қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ бұған дейін сот шешімімен ел аумағынан шығарылған 57 шетел азаматын өз мемлекеттеріне мәжбүрлі түрде қайтару жұмыстары жүргізілуде. Алматы қаласы полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Еркін Амантаевтың айтуынша, атқарылып жатқан жұмыстар жүйелі әрі профилактикалық сипатқа ие.
"Біздің негізгі мақсатымыз – құқық бұзушылықтарды анықтау ғана емес, көші-қон саласындағы заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету. Бұл – ең алдымен қоғамдық қауіпсіздік, тиімді бақылау және заң талаптарының баршаға бірдей сақталуы мәселесі. Біз заң бұзушыларды ғана емес, олардың елімізде заңсыз болуына ықпал ететін тұлғаларды да анықтап, жауапкершілікке тарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Олардың қатарында қабылдаушы тараптар да, жұмыс берушілер де бар", – деді Еркін Амантаев.
Оның айтуынша, заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу көші-қон қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді.
"Мұндай әрбір дерек жай ғана әкімшілік құқық бұзушылық емес, қоғамдық қауіпсіздікке төнуі мүмкін қатердің белгісі. Сондықтан біз заңсыз көші-қон схемаларының жолын түбегейлі кесіп, кінәлі тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке дейін тарту қағидатын ұстанамыз", – деп түйіндеді спикер.