Алматыда жедел жәрдем көлігі мен электрлі велосипед соқтығысып, бір адам қаза тапты
Сурет: Zakon.kz
Куәгерлердің айтуынша, апат Өтеген батыр мен Емцов көшелерінің арасындағы салынып жатқан жол учаскесінде болған.
Оқиға куәгерлерінің сөзінше, электрлі велосипед жүргізушісі апаттан ауыр жарақат алып, жедел медициналық көмек бригадасы келгенге дейін оқиға орнында қайтыс болған. Соқтығыс салдарынан электрлі велосипед жедел жәрдем көлігінің астына кіріп кеткен.
Жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі өзі Райымбек даңғылымен шығыс бағытта арнайы жарық шамдарын (маяк) қосып келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, электрлі велосипед жүргізушісі бастапқыда жолақтың ортасымен қозғалып келе жатқан, кейін кенеттен қарсы бағытқа қарай бұрылған.
Жүргізушінің айтуынша, ол соқтығысты болдырмауға тырысып, рөлді жолдың ортасындағы бөлгіш аллеяға қарай бұрып, көлікті тоқтатқан. Алайда дәл сол сәтте соқтығыс болған.
Куәгерлер мен оқиғаға қатысушылар аталған жол бөлігіндегі қозғалыстың дұрыс ұйымдастырылмағанына да назар аударды. Олардың айтуынша, бұл жер қазіргі уақытта құрылыс жүргізіліп жатқан аумақ болып саналады.
Сондай-ақ бұл учаскеде қажетті жол белгілері орнатылмаған, ал жолдағы ескі таңбалар BRT құрылысы басталғаннан бері жаңартылмаған. Соның салдарынан құрылыс аумағында көлік қозғалысының нақты бағыттарын анықтау қиынға соғып отыр.
Жол-көлік оқиғасының нақты мән-жайы мен қай тараптың кінәлі екені құқық қорғау органдары жүргізіп жатқан тергеу барысында анықталады.
Бұған дейін Алматыда жол апаты болып, адамдар зардап шегіп, жеке үй мен электр бағаны да бүлінгенін жазғанбыз.



