Көршілері шағым түсірген: Астана тұрғыны мерекелік тосынсыйы үшін айыппұл арқалады
Сурет: polisia.kz
Полицейлердің мәліметінше, Астанада 27 жастағы жергілікті тұрғын туған әпкесін ерекше құттықтамақ болған. Тосын сыйды әсерлі ету үшін ол көпқабатты тұрғын үйдің ауласындағы автотұрақта отшашу ұйымдастырған. Түнгі уақытта естілген қатты дауыс пен пиротехникалық бұйымдардың қолданылуы тұрғындардың мазасын алып, олар полицияға хабарлаған.
Тексеру барысында полиция қызметкерлері құқық бұзушының жеке басын анықтады. Ол бірден үш әкімшілік құқық бұзушылық бойынша жауаптылыққа тартылды: тыныштықты бұзғаны, елді мекен аумағында пиротехникалық бұйымдарды қолданғаны және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін.
Сот қаулысымен құқық бұзушыға айыппұл салынды.
Полиция елді мекендердегі тұрғын үй аулаларында пиротехникалық бұйымдарды пайдалану қоғамдық тәртіпті бұзып, азаматтардың тыныштығын бұзумен қатар, айналадағы адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін екенін еске салады.
Бұған дейін Шымкентте ақша бопсалаумен айналысқан блогер мен сыбайластары ұсталғанын жазғанбыз.