Павлодар облысында кәсіпорында қаза тапқандардың отбасыларына төлемдер төленіп, несиелері өтеледі
Сурет: gov.kz
Ведомстов 20 шілде күні Павлодар облысының Ақтоғай ауданындағы "Aqtogai Milk" ЖШС аумағында өндірістік жабдықтарға қызмет көрсету жұмыстары кезінде жазатайым оқиға орын алып, салдарынан алты адам қаза тапқанын еске салды. Тағы бір қызметкер дәрігерлердің бақылауында қажетті медициналық көмек алуда.
"Үкімет басшылығының тапсырмасымен оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Оның құрамына еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, төтенше жағдайлар, ішкі істер, денсаулық сақтау, экология және табиғи ресурстар, ауыл шаруашылығы министрліктерінің, сондай-ақ Павлодар облысы әкімдігінің өкілдері кірді", деп хабарлады Еңбекмин сәрсенбіде.
Комиссияға оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті зерделеу, жазатайым оқиғаның себептерін анықтау және мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу жөнінде нақты шаралар әзірлеу тапсырылды.
"Қаза тапқандардың отбасыларына және зардап шеккен азаматқа мемлекеттік органдар мен жұмыс беруші тарапынан қажетті қолдау көрсетіледі. Жұмыс беруші материалдық көмек көрсетуді, қаза тапқан қызметкерлердің жалақысы мөлшеріндегі төлемдерді ағымдағы жылдың соңына дейін сақтауды, сондай-ақ олардың несие міндеттемелерін өтеуді өз мойнына алды. Бұдан бөлек, компания қаза тапқан қызметкерлердің кәмелетке толмаған балаларын кәмелеттік жасқа толғанға дейін асырау мен оқуына байланысты шығындарын толық өтемек". ҚР ЕХӘҚМ баспасөз қызметі
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Павлодар облысына барып, оқиға орнындағы жағдаймен танысып, өңір басшылығының, мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен үйлестіру кеңесін өткізді.
Министр қаза тапқандардың туыстарымен де кездесіп, оларға көңіл айтып, мемлекет тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетілетінін жеткізді.
"Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 156-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Тергеу барысы Үкімет бақылауында болады". ҚР ЕХӘҚМ баспасөз қызметі