Павлодарда кәмелетке толмағандарға алкоголь сатқандар жауапқа тартылды
Фото: KOMU News/Ashleigh Jackson
Полиция заңсыз алкоголь айналымына қарсы рейдтерді күшейтіп, әсіресе кәмелетке толмағандарға ішімдік сату фактілеріне ерекше назар аударуда.
Павлодар облысында заңсыз алкоголь айналымының жолын кесу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар жүргізіп келеді. Облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Күркебаевтың айтуынша, жыл басынан бері алкоголь өнімдерін өткізу қағидаларын бұзудың 312 фактісі анықталған.
Тексеру барысында кәмелетке толмағандарға алкоголь өнімдерін сату деректері де тіркелуде. Мәселен, Павлодар қаласындағы дәмханалардың бірінде жасөспірімге екі бөтелке сыра сатылған. Аталған құқық бұзушылық бойынша материалдар сотқа жолданды.
Полиция Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес 21 жасқа толмаған азаматтарға алкогольдік ішімдіктерді сатуға қатаң тыйым салынатынын еске салады.
"Бұл талаптарды сақтау – кәсіпкерлік қызметті заң талаптарына сай жүргізудің маңызды шарты. Оның сақталуы қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге тікелей ықпал етеді. Заң талаптарын бұзған кәсіпкерлерге ірі көлемде айыппұл салынып, лицензиясынан айырылу қаупі де бар, – деді Азамат Күркебаев.