Еліміздің екі өңірінде мефедронның ірі партиясы тәркіленді
Фото: pexels
ІІМ мәліметіне сүйенсек, Алматыда 33 жастағы ер адам ұсталды. Оның автокөлігін тінту барысында ұнтақ тәрізді зат салынған 130 орама табылып, тәркіленді. Күдіктінің тұрғылықты жерін тексеру кезінде есірткі құралдары, электрондық таразы, қаптама материалдары және тыйым салынған ұнтақты бөлшектеп орауға арналған өзге де заттар тәркіленді.
Сонымен қатар Алматы облысында ірі көлемдегі есірткі партиясы жасырылған тағы бір орын анықталды. Тәркіленген заттың жалпы көлемі екі килограмм мефедронды құрады, бұл 10 мың бір реттік дозаға тең. Ірі партия полиция қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында заңсыз айналымға түспей, тұтынушыларға жеткен жоқ.
Ұсталған азамат кінәсін толық мойындады. Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оған 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
"Ішкі істер министрлігі есірткінің заңсыз айналымына және оны тарату әрекеттеріне қатаң тосқауыл қою жұмыстарын жалғастырады. Осы бағыттағы жұмыс тұрақты негізде жүргізілуде, – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов.
Бұған дейін Ақтөбе облысында ер адам үйін кішігірім нарколабораторияға айналдырғанын жазғанбыз.