Донердің ішінен телефон шықты: Ақтөбеде сотталушыға тыйым салынған зат жеткізбекші болған
Сурет: Polisia.kz
Ресми дерекке сәйкес, 10 тамызда Ақтөбедегі №8 мекемеде ҚР ІІМ Ұлттық ұланы 6655 әскери бөлімінің әскери қызметшілері мен мекеме қызметкерлері бірлесіп "Тосқауыл" режимдік-профилактикалық іс-шарасын өткізген.
Тексеріс барысында тәртіп сақшылары ЖШС жүргізушісінің шалбарының қалтасынан 20 мың теңге көлеміндегі ақша тәркілеген.
Содан кейін тағы бір сотталушыға жеткізілген сәлемдеме тексеріліп, азық-түлік арасындағы донердің ішіне жасырылған ұялы телефон анықталды.
Бүгінде осы факті бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 481-бабы 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа жолданды.
ҚАЖ мекемесінің қызметкерлері тыйым салынған заттарды ішке кіргізуге жол бермеу мақсатында бақылау шараларын тұрақты түрде жүргізіп келеді.
Мекеме басшылығы азаматтарды ҚАЖ мекемелеріне барған кезде белгіленген талаптарды қатаң сақтауға шақырды. Сотталғандарға тыйым салынған заттарды беруге немесе жеткізуге жасалған әрекеттер заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатындығын қатаң түрде ескертті.