Түркістанда үйге кірген жылан тұрғындарды қорқытып, құтқарушылар шақырылды
Сурет: pixabay
2026 жылғы 16 тамызда Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, шақырылмаған "қонақ" туралы хабар 112 пультіне түскен. Жеке үйлердің бірінің тұрғындары жыланды байқап, бірден мамандарға хабарласқан.
Оқиға орнына келген ТЖМ құтқарушылары арнайы құралдың көмегімен жыланды қауіпсіз түрде ұстап алды. Видео кадрларынан жыланды сәкінің астынан шығарып алғанын көруге болады.
Бауырымен жорғалаушы босап шығуға тырысқанымен, құтқарушылар оны тез ұстап, қауіпсіз ыдысқа орналастырған.
"Жылан тұрғын аймақтан тыс жерге шығарылып, үйлер мен адамдар көп жиналатын орындардан алыс ашық аумаққа жіберілді", – деп хабарлады ҚР ТЖМ.
Қазақстан ТЖМ азаматтарға бауырымен жорғалаушыларға тап болған кезде қауіпсіздік ережелерін сақтауды ескертті. Жыланға жақындауға, оны өз бетімен ұстауға немесе қуып жіберуге болмайды. Жылан байқалған жағдайда қауіпсіз қашықтықты сақтап, бірден 112 нөмірі арқылы құтқарушыларды шақыру қажет.
Бұған дейін Ақтөбеде жылан шаққаннан кейін жасөспірімнің жансақтау бөліміне түскені хабарланған болатын. Дәрігерлер зардап шеккен балаға жылан уына қарсы сарысу енгізген.