Әскерден оралған азамат күтпеген жерден айыппұл алған
Фото: pexels
Оқиға 2026 жылдың маусым айында Қаратау қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталығында болған. Тексеру барысында қызметкерлер азамат К.-ның тұрғылықты жері бойынша тіркеуде жоқ екенін анықтаған.
Ер адамға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 492-бабының 2-бөлігі бойынша хаттама толтырылып, 15 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Шешіммен келіспеген азамат сотқа шағым түсірді.
"Ол 2025 жылдың маусым айынан бастап Ұлттық ұланда әскери қызмет өткергенін, ал 2026 жылдың маусымында қызмет мерзімі аяқталған. Әскери қызметте жүрген кезінде әкесі оны тұрғылықты жері бойынша тіркеуден шығарған. Тіркеуден шығарылғанын ол әскери қызметін аяқтағаннан кейін ғана білген", – деді соттың баспасөз қызметі.
Азаматтың әскери қызмет өткергені сотқа ұсынылған құжаттармен толық расталды.
Іс материалдарын қараған сот уәкілетті органның лауазымды тұлғасы істің барлық маңызды мән-жайын зерттемегенін және мәселені объективті қарауға кедергі келтірген процессуалдық заң бұзушылықтарға жол бергенін анықтады.
Нәтижесінде Талас аудандық соты азаматтың шағымын толық қанағаттандырып, оған салынған айыппұл туралы қаулының күшін жойды және әкімшілік істі тоқтатты. Сот қаулысы заңды күшіне енді.
Бұған дейін қазақстандықтарға әкімшілік айыппұлдарды мемлекеттік органдарға бармай-ақ онлайн тексеріп, төлеуге болатыны туралы жазған болатыныз.