Алматы облысында екі көлік бетпе-бет соқтығысты: жүргізуші көлікте қысылып қалды
Сурет: Zakon.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, жол апаты ауылдағы орталық жолдардың бірінде болған. Chevrolet Nexia көлігі солтүстік бағытта келе жатқан. Сол сәтте оған қарсы бағытта оңтүстікке қарай қозғалып келе жатқан HAVAL H5 көлігі шығып, екі көлік бетпе-бет соқтығысқан.
Соққыдан екі көлік те жолдан шығып кеткен. Chevrolet Nexia көлігінің жүргізушісі ауыр жарақат алған. Куәгерлердің айтуынша, көліктің алдыңғы бөлігі қатты деформацияланып, жүргізуші салонда қысылып қалған. Ол шұғыл түрде реанимация бөліміне жатқызылды.
HAVAL H5 жүргізушісі ауыр жарақат алмаған. Оны дәрігерлер оқиға орнында тексерген.
Сонымен қатар, апат болған жерде жарықтың мүлдем болмағаны хабарланды, яғни, көше шамдары жұмыс істемеген.
Бұған дейін 2026 жылғы 4 қыркүйекке қараған түні Алматыда Яссауи және Тағзым көшелерінің қиылысында екі көлік бетпе-бет соқтығысқаны туралы жазған болатынбыз.

