10 млн теңгеден астам ақша: полиция алаяқтардың курьерін төрт сағатта тапты
Фото: pexels
Бұл туралы 2026 жылғы 15 қыркүйекте облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Ведомствоның мәліметінше, кезекті алаяқтық қылмыс дәстүрлі схема бойынша жасалған. 11 қыркүйекте алаяқтар әйелге телефон шалып, өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, оны қорқытқан.
Психологиялық қысымға түскен әйел бар жиған-терген ақшасын жинап берген.
"Қаскөйлердің нұсқауын орындаған жәбірленуші 10 млн теңгеден астам ақшасын жинап, келген курьерге сөмкені табыстаған. Ер адам ақшамен кетіп қалғаннан кейін ғана әйел алаяқтардың құрбаны болғанын түсініп, дереу полицияға хабарласқан", – делінген хабарламада.
Құқық қорғау органдары дроппердің жеке басын анықтап, оның елордада тұратынын білген. Көкшетаудан жедел-тергеу тобы дереу Астанаға аттанған.
Елордадағы іздеу операциясы төрт сағаттан астам уақытқа созылып, нәтижелі аяқталды. Күдікті қылмыс үстінде ұсталды. Оның жанынан алданған әйелге тиесілі ақшаның толық сомасы табылды.
"Абырой болғанда, қаскөй алған ақшаның барлығын аударып үлгермеген. Ұсталған азамат телефон арқылы қоңырау шалып, Көкшетауға барып, ақша салынған сөмкені алып кету тапсырылғанын айтты", – деді полицияда.
Қазіргі уақытта ұсталған азаматқа қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полиция оның осыған ұқсас басқа да қылмыс эпизодтарына қатысы бар-жоғын тексеруде.
Ақмола облысының Полиция департаменті қазақстандықтарға тағы да ескертті: мемлекеттік органдар мен құқық қорғау құрылымдарының қызметкерлері ешқашан "тексеру" немесе "ақшаны сақтау" үшін ақша беруді не аударуды талап етпейді. Осындай қоңыраулар түссе, бірден тұтқаны қою қажет.
Бұған дейін Астанада полиция қызметкерлерінің алаяқтардың жаңа қылмыстық схемасын әшкерелегені хабарланған болатын.