"Досын құтқаруға тырысқан": Каспийде аман қалған сарбаздың әкесі ұлының жағдайын айтты
Сурет: Zakon.kz/Кирилл Александро
Ақжолдың әкесі Тимур Қыдырниязовтың айтуынша, отбасы болған оқиғаны әлеуметтік желілерден білген. Ұлының тағдыры туралы ресми хабарды күтпей, ата-анасы Жаңаөзеннен Ақтауға бірден жолға шыққан.
"Жол бойы оның тірі ме, қаза тапты ма – білмедік. Ақтауға келгенде ғана ұлымыздың аман қалғанын білдік", – деді Тимур Қыдырниязов.
Қазір Ақжол жалпы палатаға ауыстырылған. Оның жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып отыр. Алайда әкесі ұлының ауыр эмоциялық күйіне алаңдайды.
"Қазір ол есеңгіреп қалған. Көптеген қаруласының қаза тапқанын біледі, бұл оған өте ауыр тиіп жатыр. Қайғылы оқиға кезінде досын құтқаруға тырысқан, бірақ қолынан келмеген. Егжей-тегжейін білмеймін, оған бұл туралы айту қиын", – деді сарбаздың әкесі.
Ақжолдың әскери қызмет атқарып жүргеніне бір жылға жуықтаған. Ол 3 қазанда қызметін аяқтауы тиіс еді. Әкесінің айтуынша, ұлы теңізші болуды және Әскери-теңіз күштерінде қызмет етуді қалаған. Қазір отбасы оның жанында. Жақындары Ақжолдың басынан өткен оқиғадан кейін қалпына келіп, үйіне оралуына үміттенеді.
Бүгін Ақтауда қалалық мәйітхана алдына ондаған адам жиналды. Туған-туыстары қаза тапқан әскери қызметшілердің денесін алып кетіп жатыр. Олармен қоштасу рәсімі ертең өтеді.
2026 жылғы 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери-теңіз оқу-жаттығуы кезінде 17 әскери қызметшіні Каспий теңізіне ағызып әкеткен. Олардың үшеуі құтқарылып, 14 адам қаза тапты. Қаза тапқандардың арасында самбодан кіші жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері Сержан Аяпберген де бар.
Ақтау гарнизонындағы оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 453-бабының 2-бөлігі ("Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау") және 465-бабы ("Кеме жүргізу қағидаларын бұзу") бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның себептерін тергеу үшін Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқаратын Үкіметтік комиссия құрылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, 25 қыркүйекті аза тұту күні деп жариялады.