Шымкентте Қайрат Нұртастың концертін ұйымдастырушы ұсталды – видео

Шымкентте Қайрат Нұртастың концертін ұйымдастырушы ұсталды – видео, сурет - Zakon.kz жаңалық 12.10.2026 09:56 Сурет: Instagram/police_shymkent
Шымкентте белгілі қазақстандық әнші Қайрат Нұртастың концертінде қауіпсіздік талаптарының бұзылуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы 2026 жылғы 11 қазанда қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеп, оқиғаның кейбір мән-жайын хабарлады, деп жазады Zakon.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша, сатылған билеттер саны концерт өтетін орынның рұқсат етілген сыйымдылығынан едәуір асып кеткен.

"Бұл адамдардың шамадан тыс жиналуына әкеліп, көрермендердің қауіпсіздігіне қатер төндірді. Адамдар қысылып қалған кезде 18 жастағы қыз жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Әлеуметтік желілерде адамдардың қаза тапқаны туралы тараған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Қаза болғандар жоқ", – деп хабарлады Шымкент полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полиция концертті ұйымдастырушының ұсталғанын да мәлімдеді.

"Концертті ұйымдастырған 1984 жылы туған Л. есімді азамат ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы Шымкент полиция департаменті басшылығының бақылауында", – деп нақтылады баспасөз қызметі.

Полиция азаматтарды тексерілмеген мәліметтерді таратпауға шақырып, көрінеу жалған ақпарат тарату заңда белгіленген жауапкершілікке әкелетінін ескертті.

Қайрат Нұртастың концерті 2026 жылғы 10 қазанда Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда өтті.

Кейін әлеуметтік желілерде адамдардың қысылып қалуы салдарынан көрермендер қаза тауып, 100-ден астам адам жараланғаны туралы жалған ақпарат тарады. Бұл мәлімет жоққа шығарылды. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, медициналық көмекке сегіз адам жүгінген.

Дәрігерлер тексергеннен кейін бір қыздан басқасы үйіне жіберілді. Жарақат алған 18 жастағы қыз ауруханаға жеткізіліп, оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

12 қазанда Шымкентте Қайрат Нұртастың концерті туралы әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратқан әйелдің жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: